2026 жылғы 1 қазанда қазақстандық тарап — «SK Water Solutions» ЖШС және «Қазсушар» РМК өкілдерінің Ислам даму банкінің (ИДБ) миссиясымен кездесуі өтті. Бұл сапар ИДБ мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында су шаруашылығы секторын дамыту бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы болды.
ИДБ миссиясы сапарының басты мақсаты — бірінші транш аясында «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының іске асырылу барысымен танысу. Сапар барысында делегация су инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарға баруды да жоспарлап отыр.
Кездесуде одан әрі ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылды: тараптар «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының екінші траншын іске асыру жөніндегі дайындық жұмыстарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Ислам даму банкінің өкілдері бірінші транштың су шаруашылығы инфрақұрылымы жобаларын іске асыру қарқыны мен сапасын жоғары бағалады. Сондай-ақ олар су саласындағы осындай ауқымды бірлескен жобалардың ел халқы үшін ерекше маңызын атап өтті.